Оңтүстік өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдары және баспа саласы қызметкерлерінің бір қуанышы – Спартакиада ойындары.

Жыл сайын дәстүрге айналған. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, біздің журналистер спорт алаңдарында да жүйрік екенін дәледеуге тырысады-ақ. Әріптестердің ынтымақ-бірлігі жарасып, жұдырықтай жұмыла білгені қуантады, әрине. 
Облыстағы БАҚ өкілдері мен баспа ұйымдарының қызметкерлері арасындағы Спартакиада ойындары биыл Астананың 20 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылды. Әрі Елбасының Challenge «сенің қырың» атты спорттық бастамасына қолдау көрсетуді мақсат еткен. 
14-17 маусым аралығын қамтыған бәсекеде үздік шыққандар анықталды. Жалпы, Спартакиада Қазақстан Журналистер Одағы ОҚО филиалы мен ОҚО ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, ОҚО денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізіледі. Жыл да осылай. 
Сайыстың басты мақсаты – БАҚ өкілдері арасындағы бірлік, ынтымақ пен достықты дәріптеу, бұқаралық спортты насихаттау. БАҚ қызметкерлері спорттың 8 түрінен (кіші футбол, волейбол, арқан тарту, жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және бильярдтан) бақ сынады. Биыл Түркістан қаласынан «Түркістан БАҚ», ОҚО ішкі саясат басқармасының «Ақпараттық-талдау орталығы» мекемесі алғаш рет қатысты. Дәстүрлі спорттық ойындарға қатысуға 16 команда өтініш білдірді.
Ақпарат саласының қызметкерлері жасыл алаңда доп теуіп, зияткерліктерін, білек күштерінің әлеуетін танытып, достықтың жарасқан үлгісін көрсетті-ақ.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі 15 маусым күні сағат 11:00-де «Кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі» спорт кешенінде ұйымдастырылды. Жарыстың ашылу салтанатында облыстық iшкi саясат басқармасы басшысының мiндетiн атарушы Бақыт Ахымбетов, Қазақстанның Құрметтi журналисi Байдулла Қонысбек, тағы басқа БАҚ басшылары құттықтап, iзгi тiлектерiн арнады. 
Жеңiмпаздар мен жүлдегерлер дипломдар, кубоктар, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, сайыс барысында командасын алға сүйреген бiрқатар ойыншылардың да еңбегi елендi. Жалпы, БАҚ өкілдерінің қуанышты мерекесінде 200-ге жуық әріптестеріміз қаржылай сыйақы мен естілік медальдарға ие болды.

 Біздің Facebook парақшамызда сол салтанаттан үлкен сурет жарияланып отыр – 

https://www.facebook.com/jurunion/posts/459246514540437