Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалы да асыл аналар мен аяулы аруларды Халықаралық әйелдер күнімен  құттықтады.

Айтулы мерекеге орай бір топ  нәзік жанды журналистер одақ мүшелігіне қабылданып, куәлік пен төсбелгілер салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевтың Алғыс хаты мен алқызыл гүл шоқтары ұсынылды. Жылы жүзді жүздесуде аймақтық филиалдың төрағасы, облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төлендіұлы құттықтау сөз сөйлеп, әріптестер қауымына ақжарма тілегін арнады. Өз кезегінде беделді ұйымның қатарына қабылданған арулар да ізгі лебізімен бөлісіп, ризашылықтарын жеткізді.

Айта кету керек,  Қазақстан Журналистер одағы–тарихы  өткен ғасырдың  жиырмасыншы  жылдарынан бастау алатын шығармашылық ұйымдардың бірегейі. Сол уақыттан бері Журналистер одағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің  құқықтары мен мүдделерін қорғап,  қарым-қабілетін арттыру бағытында еселі еңбек етіп келеді. Бұл тұрғыда аймақтардағы филиалдарға жүктелетін де жауапкершілік жүгі де салмақты.

Бүгінде Қазақстан Журналистер одағының Жамбыл облыстық филиалы жаңа құраммен тың бастамаларға ұйытқы болып, игілікті істер атқаруда. Қазіргі таңда Жамбыл облысында ұйымның 100-ге жуық мүшесі бар. Олардың барлығы да бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті қызмет атқаруда.

Фото - https://www.facebook.com/jurunion