Көзі қарақты жұртшылық Байдулла Қонысбекті қарымды қаламгер, білікті журналист ғана емес, Оңтүстік тележурналистикасының негізін қалаушылардың бірі деп біледі.

Тоқсаныншы жылдардарғы тоқырау кезеңде өз өңірімізден хабар тарататын телеарнаның ашылуына ықпал етіп, оның отымен кіріп, күлімен шықты. Тәй-тәй қадам басқан телеарнаны азулы БАҚ-қа айналдыра білді. Телеарнадан Байдулла ағаның тау өзеніндей арқыраған мінезі анық аңғарылып тұратын.

Биыл Байдулла Қонысбек 80 жастың сеңгіріне шығып отыр. Оңтүстік журналистерінің төбе биі атанған Байекеңнің мерейтойы облыстық Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалы атынан ұйымдастырылды. Мерейтой иесінің бұл қуанышына Түркістан облысы әкімнің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ Президенті Жанар Темірбекова, жазушы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласы филиалдарының өкілдері, ақын-жазушылар мен журналистер ортақтасты. Байекеңнің шәкіртттері, басқа да көптеген сыйлас іні-қарындастары осы шараның бел ортасынан табылды.

Іс-шара барысында Сәкен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтың құттықтау хатын оқып берді. Ардагер журналистке шапан жауып, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

Жұмыс бабына байланысты іс-шараға келе алмаған бір топ азамат Байдулла Қонысбекке құттықтау жеделхатын жолдады. Атап айтсақ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, Халықаралық Түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі, Сенатор, "Ауыл" ХДП төрағасы Әли Бектаев, Мәжіліс депутаты, журналист Дархан Мыңбай, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев және Төлеби, Қазығұрт, Бәйдібек аудандарының әкімдері мерейтой иесін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.